Дәуір бізді таңдады...

КСРО тұсында 110 айға созылған және көптеген адамның өмірін жалмаған – Ауған соғысы болды. Ауғанстанға әскер кіргізу жөніндегі саяси шешімді 1979 жылғы желтоқсанның 12-сі күні Кеңес басшылары қабылдады.

25 желтоқсан күні Түркістан әскери округінің 40-шы армиясы мемлекеттік шекараны кесіп өтті. Кеңес әскерлерінің ең алғашқы жауынгерлік операциясы 1979 жылы 27 желтоқсанда басталды.

Біздің республикамыздан 22 мың адам Ауған соғысына қатысты. Олардың бір мыңға жуығы соғыста құрбан болды. Олардың арасында павлодарлықтар да бар. Абрамов Асқар, Ибадильдин Қажмұрат, Криворучко Николай, Магулов Аслан, Пигарев Николай, Ферингер Виктор..., бұл тізім әрі қарай жалғасады.

1989 жылы 15 ақпанда Ауғанстаннан соңғы Кеңес контингентінің шығарылуы аяқталды.

         «Дәуір бізді таңдады... Время выбрало нас» атты фотоқұжаттық көрме Ауған соғысына қатысқан павлодарлықтарға арналады. Облыс мемлекеттік архивінің Павлодар қ. Ак. Бектұров көшесі, 62/1 мекенжайында орналасқан ғимаратының кіреберісінде орналасқан көрмеге Павлодар облысы мемлекеттік архивінде сақтауда тұрған «Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті бөлімшелерінде борышын өтеген интернационал жауынгерлердің істері, құжаттары мен естеліктері топтамасынан» алынған құжаттар көрермендердің назарына ұсынылып отыр.

 

Архивист К. Есимханова