Құжатсыз тарих жоқ, өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ

Облыс мемлекеттік архиві Ақсу бөлімінде өткен «дөңгелек үстел» отырысына қатысушылар Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған бірқатар маңызды жобаларды ұсынғандығын атап өтті.

«Қазақ тілі» қоғамы Ақсу қаласы филиалының төрағасы Қ.Б. Сейілғазин мақалада «терең мағына жатыр, мәтінде өзіндік концептуалды идея айтылған. Біріншіден, бұл дала өркениеті – мақаладағы негізгі ұғымдардың бірі болып отыр» деді.

Ақсу қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі С.Қ. Қондыкерова мақалада «Архив-2025» жобасы жеке тараумен берілгендігін атап өтті. Оның ойынша жобаның ең басты міндеті архив саласы жұмысын оңтайландыру және жетілдіру болып табылады. Жоба жеті жылға есептелген. Осы жеті жылдық бағдарлама шеңберінде ғалымдармен, тарихшылармен бірлесе отырып, зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, бұл жұмысқа жастарды көптеп тарту керектігін тілге тиек етті.  

Кездесу барысында қалалық архивтің жұмысы талқыланып, Елбасының бұрын жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында маңызды бірқатар жобалар жүзеге асырылғандығы атап өтілді. Бүгінгі күні архивтердің негізгі міндеттері архивтік құжаттарды тырнақтап жинау ғана емес, оларды сандық форматқа көшіре отырып, зерттеушілер мен жұртшылыққа қол жетім ету болып отыр.

 

 Рухани жаңғыру- халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдар ...